
Өңір басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметінің маңыздылығын атап өтті.
– Сіздермен Наурыз мерекесі қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің рөлін айрықша атап өтті. Сіздердің осы бағыттағы ауқымды әрі тиімді жұмыстарыңызға ризамын, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымы мемлекеттік тілді үйренуге және насихаттауға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда.
Кездесуде Павлодар қаласының №27 мектеп директорының міндетін атқарушы Тимур Оньянов «Үйде сөйле», «Қазақша ән салайық», «Insta сөздік» жобалары туралы айтты.
– «Мемлекеттік тіл» терминінің орнына мен әрқашан «ана тілі» сөзін қолданамын. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, қазақ тілі – ана тіліміз. Бұл мәжбүрлеу емес, заманауи қажеттілік, – деді ассамблеяның жастар белсендісі, «Халкан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі, ұлттық жаңғыру мектебінің оқытушысы Карина Фаргиева.
Май ауданының балабақша тәрбиешісі, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Эрика Оразалина балабақшалар мен мектептерде тіл мәртебесін арттыру қажеттігін атап өтті.
– Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігі мені әрқашан таң қалдырады. Басқа ұлттың өкілі болсам да, осы елдің баласы ретінде мен қазақ тілін ана тіліммен тең қабылдаймын, – деп атап өтті «FREUNDSCHAFT» неміс этномәдени орталығының төрағасы.
Наурыз мерекесі қарсаңында Достық үйінде өткен кездесуде қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлеріне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы маңызды рәсімдердің бірі – тұсау кесуге қатысты.
Асайын Байханов жүруге талпынған бүлдіршін Рамазан Болатовтың тұсауын кесіп, болашағының жарқын болуын тіледі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/961630?lang=kk

Жауап қалдыру