
Көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында ұжымымызда ерекше іс-шара өтті. Бұл күн қазақ халқының бай мәдениетін, ұлттық дәстүрлерін дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды мерекелердің бірі болып табылады.
Мереке аясында жұмыскерлер қазақтың салт-дәстүрлерін сахналық қойылымдар арқылы көрсетті. Көрермендер «Бесікке салу», «Сүйінші сұрау», «Көрімдік беру» сынды дәстүрлердің көріністерін тамашалап, ұлттық құндылықтарға бір қадам жақындай түсті. Әрбір қойылым ұлттық нақыштағы киімдермен, салттың маңыздылығын айқындайтын көріністермен өрнектелді.
Сонымен қатар, мерекеде халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындары ұйымдастырылды. «Арқан тарту», «асық ату», «қол күрес» сынды сайыстарда қатысушылар ерекше белсенділік танытып, өзара жарысты. Ал арнайы жайылған Наурыз дастарханында қонақтар наурыз көжеден дәм татып, ұлттық тағамдардың молшылығына куә болды.
Бұл іс-шара Наурыз мейрамының тек көктемнің келуімен ғана емес, бірлік пен ынтымақтың, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің ұлықталатын кезеңі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұжымымыздың ұйымдастыруымен өткен бұл мереке әр қатысушының жүрегінде ерекше әсер қалдырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/revkomulytau/press/news/details/961352?lang=kk

Жауап қалдыру