
Наурыз мейрамы қарсаңында Қызылсай ауылында жаңа «Зерде» жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанаты өтті. Бұл маңызды оқиға ауыл тұрғындары мен білім саласы үшін үлкен қуаныш болды.
Мектеп 2500 шаршы метр аумақта орналасқан және екі кезеңде 500 оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Мұнда 17 оқу кабинеті, химия, физика, биология, информатика пәндеріне арналған зертханалар, робототехника кабинеті бар. Сонымен қатар, 60 орындық асхана, 80 орындық акт залы және соңғы үлгідегі 32 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Барлық кабинеттер өрт қауіпсіздігі құрылғыларымен жабдықталған.
Мектептің ашылу салтанатына Жаңаөзен қаласының әкімі Қайнарбаев Жансейіт Исаханұлы, қалалық мәслихатының төрағасы Байжанов Ғалым Ұлықпанұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Рәсім барысында Қызылсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Каменов Алдаберген, Жаңаөзен қалалық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Нұртаев Андрей, ардагер ұстаз Жауынбаев Дауылбек салтанатты түрде лентаны қиып, әжелер шашу шашты. Қонақтар мектептің ішін аралап, асханадан дәм татты.
Шара соңында қала басшысы ауыл ақсақалдарымен және ұстаздармен бірге жаңа мектеп ауласына тал егіп, игі дәстүрдің бастауын жасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-zhanaozen-kyzylsai/press/news/details/962000?lang=kk

Жауап қалдыру