
Аудан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, ауданымызда аталған саланы дамыту мақсатында аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қолға алып, әлеуметтік маңызға ие көкөністерді егуді бастап кетті.
Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев егін егуді алғашқы болып бастаған шаруалардың бірі Қабланбек ауылдық округінде орналасқан “Қалдан” шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты. Аралау барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған жеңілдіктер мен субсидиялар жайында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.
“Қалдан” шаруа қожалығының биылғы жылы иелігіндегі 15 га жерде жоғарғы сұрыпты сәбіз, қырыққабат, картоп өнімін өсіруде. Алдағы уақытта, мол өнім алуды жоспарлауда. Шаруа қожалықтың иесі Қалдан Мусабеков.
Биыл аудан бойынша 75,7 мың га егістік жерді игеру жоспарлануда, оның ішінде: дәнді және бұршақты дақылдар – 49,9 мың га, майлы дақылдар – 1,1 мың га, картоп – 2,03 мың га, көкөніс – 10,6 мың га, бақша өнімдері – 0,5 мың га, мал азығы – 11,6 мың га егілетін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/961937?lang=kk

Жауап қалдыру