
Бүгін аудандық мәслихаттың «Мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия» отырысында Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Саябақтары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметі қаралды.
Комиссия төрағасы Бердіғали Өмірәлі жүргізген жиынға депутаттар Белес Рысбаев, Исағали Әшірбеков, Нұрдәулет Әжібаев, Мұхтар Бастықов, Болат Умутбаев, сонымен қатар, қала және ауыл округтерінің әкімдері қатысты.
Аудандық «Саябақтары» мекемесі директорының орынбасары Сержан Диханбаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Депутаттар көгалдандыру, абаттандыру, көрнекі үгіт құралдарын жаңарту, шағын сәулеттік нысандарды күтіп-ұстау жұмыстары бойынша сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Жиын барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбек аталмыш мекемеге қатысты көтерілген кемшіліктерді жою бойынша бақылауды қолға алатындығын, сондай-ақ, болдырмау бойынша нақты шаралар қабылданатындығына сенім білдірді.
Қала және ауыл округтерінің әкімдері көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, өз ұсыныстарын жеткізді. Аудан тұрғындарына қолайлы демалыс орындарын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/960799?lang=kk

Жауап қалдыру