
Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық дайындық орталығында Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиадасының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне дейін еркін стильдегі спринт бойынша алғашқы жарыстар өтіп, жүлдегерлер анықталды.
25 наурызға дейін жалғасатын бәсекеде еліміздің ең мықты шаңғышылары Спартакиада чемпионы атағына таласады. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Спартакиада – елдегі ең ауқымды спорттық шаралардың бірі және Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаға іріктеу кезеңі саналады.
Ашылу рәсіміне: Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев,
Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, Қазақстан Ұлттық шаңғы жарысы федерациясы вице-президенті Димаш Хасенов қатысты.
Нұрлан Есембаев, Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорттың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Бұл – дені сау жас ұрпақты тәрбиелеудің және ұлттың әл-ауқатын нығайтудың басты факторы. Бүгінде Қазақстанда 13 қысқы олимпиадалық спорт түрі белсенді дамып келеді. Бұл бағытта 139 000-нан астам спортшы жаттығуда. Ұлттық құрама 1 265 спортшыдан жасақталған және олардың саны жыл сайын артып келеді. Спартакиада жаңа есімдерді танытып, қысқы спорттың дамуына тың серпін береді. Барша қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін!»
АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІМПАЗДАР:
Еркін стильдегі спринт қорытындысы бойынша, алғашқы финалистер анықталды:
Ерлер:
1.Святослав Матасов (Ақмола облысы)
2.Константин Борцов (Ақмола облысы)
3.Дастан Қалыбеков (ШҚО)
Әйелдер:
1.Надежда Степашкина (Ақмола облысы)
2.Ксения Шалыгина (Ақмола облысы)
3.Анна Мельник (Ақмола облысы)
Жарыс қорытындысы бойынша, ірі халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын мықты спортшылар анықталады.
ЖАРЫС БАҒДАРЛАМАСЫ
18 наурыз (сейсенбі) – еркін спринт
19 наурыз (сәрсенбі) – классикалық жарыс
21 наурыз (жұма) – эстафета
22 наурыз (сенбі) – классикалық командалық спринт
24 наурыз (дүйсенбі) – аралас эстафета
25 наурыз (сейсенбі) – еркін жүріспен масс-старт
Жарыс кестесін @cop_zvs мен @skicenter_life Instagram парақшаларымыздан және stories-тен қадағалай аласыздар.
Қазақстан Республикасының Спартакиадасы жарыстарынан бейнетрансляцияны Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының COP ZVS TV YouTube-арнасында тікелей эфирде көруге болады. Жарыс барысын стадионнан да бақылауға болады. Кіру тегін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/960392?lang=kk

Жауап қалдыру