Күн мен түн теңесіп, табиғат жаңаратын Наурыз мейрамы Бәйтерек ауданында ерекше салтанатпен аталып өтті. 22 наурыз күні Переметный ауылында ұйымдастырылған мерекелік шара халықтың жоғары ықыласына бөленді. Жиналған көпшілік ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтап, қазақы құндылықтарды дәріптейтін думанды кештің куәсі болды.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі М.Тоқжанов сөз сөйлеп, тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мейрамның халқымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайтатын, жаңару мен жасампаздықтың символына айналған ерекше күн екенін атап өтті.
– Наурыз – халқымыздың ғасырлар бойы тойлап келе жатқан береке мен ырыстың бастауы. Бұл мейрам өткенді ұлықтап, келешекке үмітпен қарауға шақыратын, халқымыздың достық пен татулыққа негізделген өмір сүру салтының көрінісі. Келер жыл елімізге құт-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! – деді аудан басшысы.
Мереке аясында тұрғындар үшін түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар бойынша өткізілген жарыстар халықтың ерекше қызығушылығын оятты. Жігіттер қол күресі, қой көтеру, гір тасын көтеру, садақ ату және асық атудан сайысқа түсті.
Сонымен қатар, сахнада театрландырылған көріністер қойылып, қазақ халқының көнеден жеткен дәстүрлері дәріптелді. Жергілікті өнерпаздар ән айтып, күмбірлеген күй төгілді. Мың бұралған бишілер сахнаның сәнін келтірсе, жас ақындар жырдан шашу шашты.
Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, бірлік пен ынтымақты нығайтатын, игі істерге жол ашатын мейрам. Бәйтерек ауданы тұрғындары бұл күнді ерекше көңіл күймен қарсы алды. Дастарқан жайылып, көпшілік наурыз көжеден дәм татты. Жиналған жұрт қазақтың қонақжай дәстүрін тағы бір мәрте сезініп, мерекенің рухани мәнін ұғынды.
Бұл күн – өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін мейрам. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа ырыс пен береке әкелсін!
Жауап қалдыру