
Облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында қаланың мемлекеттік органдары азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңдылықтың сақталуы, халықтың сұраныстарына ашық және жедел әрекет ету бойынша мекемеаралық талқылау өтті.
А.ж. облыс прокуратурасының бастамасымен «Қоғаммен байланыс» атты мекемеаралық жоба іске қосылды. Жоба аясында халықпен кездесулер өткізіліп, 15 мыңнан астам азаматтық өтініштер қаралды.
Бұл уәкілетті органдардың қызметіндегі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға және қала тұрғындарының құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік берді.
Талдау көрсеткендей, қала әкімдігіне түскен өтініштердің ең көбі – 5 мыңнан астамы (35%) ТЖКШ саласына, ал шамамен 4 мыңы (25%) жер мәселелеріне қатысты.
ТЖКШ бөлімінің жұмысына жүргізілген талдаумен, бірнеше рет тұрғындар шағымданғанына қарамастан, 15-ші ықшам ауданында 2,8 мыңнан астам тұрғынның жылу мәселесі екі жыл бойы шешілмей келгені анықталды.
Тек прокуратураның араласуынан кейін, 2024 жылы 58 көпқабатты үйде циркуляциялық сорғылар іске қосылды.
Бұдан бөлек, ТЖКШ және құрылыс саласында Тараз қаласының бюджет қаражатын тиімсіз жұмсалуының алды алынып, заңсыз мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды.
Сонымен қатар, жер мәселесі бойынша азаматтардың өтініштерін талдау барысында 11 гектар заңсыз бөлінген жер учаскелері анықталды, сондай-ақ мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынған, кадастрлық құны 94 миллион теңге болатын учаскелердің заңсыз берілуінің алдын алынды.
«Қоғаммен байланыс» жобасы аясында биыл 3 мың баланың спорттық және шығармашылық дамуы бойынша құқықтары қорғалды, 113 кәсіпкерге қолдау көрсетілді, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардан 49 азаматқа көмек көрсетілді.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров өтініштермен жұмыс жасау және кері байланыс механизмін қайта қарау қажеттілігін атап өтіп, бұл үшін цифрландыру қажет екенін жеткізді.
Осыған байланысты азаматтардың өтініштерін қарау бойынша «109» қызметінде SMS-хабарлама жүйесін енгізу, оны жария ету және халықтың ең өзекті мәселелерін уақытында анықтап, шешуге мүмкіндік беретін цифрлық шағым платформасын құру ұсынылды.
Сондай-ақ азаматтардың өтініштерінің артуына және құқықтық тәртіпті тиімді қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты полицияның жаңа тірек пункттерін, оның ішінде 15-ші ықшам ауданында іске қосу туралы шешім қабылданды.
Бұл қауіпсіздікті күшейтуге және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысының прокуратурасы
#ЗаңменТәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhambyl/press/news/details/963506?lang=kk

Жауап қалдыру