Жамбыл облысында әз-Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында жаңару мен жаңғырудың бастауы – Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды.

Бұл күні Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өткен «Құс қанатындағы Наурыз» атты мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

Көрермендерге ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, салт-дәстүрді дәріптейтін, қазақы болмысты айшықтайтын театрландырылған қойылым ұсынылды.

Елімізге және өңірімізге белгілі өнерпаздардың әсем әні, көздің жауын алар биі, күмбірлеткен күйі де сахнаның ажарын ашты.

Сонымен бірге Қ. Рысқұлбеков саябағына дейін ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Ұлттық тағамдар әзірленіп, тұрғындар наурыз көжеден дәм татты.

Бұдан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен тартысты бәсеке өтті. Сайысқа қатысушылар өздерінің шеберліктері мен күш-жігерін көрсете білді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым, ардагерлермен бірге Наурыз алаңын аралап, жамбылдықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл көктемнің шуақты мейрамы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда «Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз» деп атап өтті.

Өткен жылы ел Президентінің бастамасымен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізілген болатын.

«Наурызнаманың» онкүндігі биыл да жарасымды жалғасын тауып отыр.

Баршаңызды ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымызды дәріптеп, өңіріміздің дамуы жолында аянбай еңбек ете беруге шақырамын!

Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын! — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар облыстық барлық аудан, ауылдық елді мекендерінде ұйымдастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/962228?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді