
Орал қаласында тоғызқұмалақтан жастар мен юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Біріншілікке Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 16 облыстан келген 400-ге жуық спортшы рапид, классика және блиц түрлерінде бақ сынауда. Тоғызқұмалақтан мұндай ірі жарыс Оралда соңғы рет 2009 жылы өткен болатын. Тиісінше чемпионат өңірде тоғызқұмалақтың қарқынды дамуына және оның қайта жандануына жаңа серпін беруде.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Бақдәулет Сәбитовтың пікірі:
«Тоғызқұмалақ – қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасы және ұлттық ойындарымыздың ең айшықты өкілі. Біздің басты мақсатымыз – осы ұлттық ойынның маңыздылығын тек Батыс Қазақстан облысында ғана емес, барлық еліміз бойынша кеңінен таныту және оның дамуына үлес қосу. Әсіресе жастар арасында осы спорт түрін насихаттап, оларды қызықтыру. Осы мақсатта өңірімізде бірқатар жаңа шаралар мен чемпионаттар ұйымдастырылмақ. Мысалы, жақын уақытта БҚО-да тоғызқұмалақтан Азия чемпионатын өткізу жоспарымызда бар.
Сонымен қатар, Орал қаласының спорт бөлімімен бірігіп, интеллектуалды ойындарға арналған орталық ашуды көздеп отырмыз. Бұл орталықтың басты мақсаты – адамдар үшін қолжетімді әрі қызықты орын жасау. Ұлттық ойынның болашағы өте жарқын деп сенеміз, ал оның дамуына біздің өңіріміздің қосар үлесі айтарлықтай маңызды болмақ.»
Тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтың пікірінше:
«БҚО-да өтіп жатқан бұл чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жарысқа қатысушылардың көңіл-күйі жоғары, ал бәсекелестік деңгейі өте қуантады. Бұл чемпионат ұлттық спорттың дамуына жаңа серпін беріп, болашақта осындай деңгейде жарыстарды жиі өткізуіміз керек. БҚО-ның осындай ауқымды шараларды өткізудегі тәжірибесі мен біліктілігі бәрімізді қуантады. Бұл чемпионат тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға болып отыр.»
БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры – Орынбасаров Данияр Исламғалиұлының пікірінше:
“Тоғызқұмалақ — қазақтың ұлттық ойындарының бірі әрі мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Бұл ойынды ойнау тек көңіл көтеріп қана қоймай, адамның ой-өрісін, логикалық ойлау қабілетін дамытады. Тоғызқұмалақтың терең философиясы мен стратегиясы бар, сондықтан оны тек қана ойын ретінде емес, адамның ақыл-ойын шыңдайтын әдіс деп те қарастыруға болады.
Осы ойынға деген қызығушылық соңғы жылдары айтарлықтай артты. Қазіргі кезде жастар арасында тоғызқұмалаққа деген қызығушылық үнемі өсіп келеді. Бұл, әсіресе, түрлі чемпионаттар мен турнирлер арқылы қол жеткізілген үлкен жетістік. Тоғызқұмалақтың маңыздылығы тек оның ойындық қырымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтаудағы рөлімен де ерекшеленеді. Мұндай ұлттық ойындар бізді біртұтас халық етіп, мәдениетімізді әлемге танытуға көмектеседі.”
Еске салсақ, жарыс сәуір айының 3 күні өз мәресіне жетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-sport/press/news/details/965486?lang=kk

Жауап қалдыру