ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – ОРДАБАСЫДА ӘЗ-НАУРЫЗ ТОЙЫ ТАМАША ӨТТІ
Күн мен түн теңеліп, жер бусанған шақта қазақ халқының ең сүйікті мерекесі – Әз-Наурыз Ордабасы ауданында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар Темірлан ауылындағы Этноауыл демалыс аймағында бастау алып, көпшіліктің көңілінен шыққан думанды тойға ұласты.
Мерекелік алаң қазақтың ұлттық дәстүріне сай безендіріліп, ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Кіреберісте қонақтарды дәстүрлі әншілер ән-жырмен қарсы алып, шашу шашылды. Қазақы дәстүрмен қонақтарға наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынылып, самаурыннан бұрқыраған қою шай құйылды.
Этноауылда ұлттық өнер көрініс тапты. Киіз басу, күбі пісу, таба нан жабу сияқты көне кәсіптерден шеберлік сағаттары өткізіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық киімдегі өнерпаздардың өнерін тамашалап, қазақтың қара домбырасының күмбіріне тербеліп, әуелеген әндерге қосылды.
«Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театрының өнерпаздары алтыбақан маңында ән шырқап, би билеп, мақал-мәтел мен жаңылтпаштар айтып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ, қазақ күресі, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық ойындар ойнатылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ордабасы жерінде өткен бұл мерекелік шара қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық рухты жаңғыртқан нағыз халықтық думан болды. Ұлыстың ұлы күні келген әрбір жан жаңа жылға ақ ниетпен, шат көңілмен қадам басты. Наурыз мерекесі құтты болсын!
Жауап қалдыру