
Әйелдер мерекесіне арналды
6 наурызда аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қыз-келіншектер арасында волейбол, бес асық, мылтық атудан мекемеаралық жарыс өтті.
Айтулы мерекелік сайысты аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөзбен ашып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Оралбай Берікұлы ойын ережелерімен таныстырып өтті. Командалар екі топқа бөлініп, аталмыш кешен залы мен Қаратөбе мектеп-гимназиясының спорт залында ойнады.
Волейбол ойыны 8 команда арасында тартысты өрбіді. Жарысқа қатысушы ойыншылардың жеңіске деген жігері жоғары болды.
Шебер ойын өрнегін көрсеткен командалар финалға шықты. Бірінші орынға таласқан Мұхит атындағы орта мектептің қыздары мен Шөптікөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешені командасының ойындары көрермендер көңілінен шықты.
Жарыс қорытындысында Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің командасы озық шығып, жарыс жеңімпазы атанды. Жүлделі ІІ орынды Шөптікөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің командасы иеленсе, ІІІ орын аудан әкімдігі қыздарының командасына бұйырды.
Жарыс жеңімпазы Мұхит атындағы орта мектептің командасы 50 мың теңге, Шөптікөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің командасы 30 мың теңге, аудан әкімдігінің командасы 20 мың теңге қаржылай сыйлықтар және медальдармен, арнайы кубоктармен марапатталды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен мәдениет бөлімінің командасы марапатталып 10 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жекелеген ойыншылар арасында көзге түскен Шөптікөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешені командасының мүшесі Ирина Шабдарова «Үздік қорғаушы», аудан әкімдігі командасынан Жанаргүл Сафи «Үздік ардагер ойыншы», Мұхит орта мектебі командасынан үздік ойынымен танылған Айту Мәулетова «Үздік ойыншы», мәдениет бөлімінің командасынан шебер ойын өрнегін көрсеткен Нұргүл Нұрбекқызы «Көрермен көзайымы» аталымдарына ие болды. Аталымдар иелері диплом және 2000 теңге қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бес асық ойынында шебер ойын өрнегін көрсеткен аудан әкімдігі атынан шыққан Мейрамгүл Кенжеғалиева І орын иемденіп жеңімпаз атанды. Жүлделі ІІ орынды Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияның атынан қатысқан Ұлмекен Сайынова иеленсе, ІІІ орынға мәдениет бөлімінен қатысқан Ақбота Владимирова тұрақтады.
Мылтық ату сайысы бойынша І орынды Шөптікөл мектебінен қатысқан Малика Ертілеуова еншілесе, ІІ орынды аудандық аурухана атынан шыққан Айзада Сапарғалиқызы иемденді. ІІІ орынға аудандық полиция бөлімінен қатысқан Әсем Оңғарова тұрақтады.
Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан жеңіске жеткен командалар мен аталымдар иелерін құттықтап, марапаттау рәсімін жүргізді.
І,ІІ,ІІІ орындарды иеленген командаларға өз ұжымдары атынан да сыйлықтар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/966675?lang=kk

Жауап қалдыру