
2025 жылғы 29 наурызда Алматы қаласының Білім басқармасы мен Иллинойс технологиялық институты (Illinois Institute of Technology, АҚШ) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептер мен гимназиялар мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.
Кездесуге Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов пен қалалық ғылыми-әдістемелік орталық директоры Даурен Сағынғалиев қатысты. Иллинойс технологиялық институтының делегациясы құрамында студенттердің білімін басқару бойынша вице-президент Маллик Сундхарам, механикалық және аэроғарыш инженериясы саласындағы профессор, танымал ғалым Кевин Кассел, сондай-ақ халықаралық білім беру саласының сарапшысы әрі жаһандық серіктестік бағытындағы жетекші маман Дэниел Палм болды.
Сайран Сайфеденов делегацияны Алматы қаласының білім беру жүйесімен таныстырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Бұл шешім өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының экономикалық тұрақтылық пен орнықты дамудың негізгі факторы ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған мемлекетіміздің стратегиялық басымдығын айқындайды. Ынтымақтастық аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады.
Өз кезегінде доктор Маллик Сундхарам біліктілікті арттыру курстарының бірнеше бағытымен таныстырды. Бағдарламалар білім беру менеджменті, инклюзивті білім беру және инновациялық оқыту стратегияларын қолдану әдістемесін қамтиды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатқа Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов пен Иллинойс технологиялық институтының студенттердің білімін басқару бойынша вице-президенті доктор Маллик Сундхарам қол қойды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/966939?lang=kk

Жауап қалдыру