
Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрдің бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қол ұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет Жаңатұрмыс ауылдық округінің Жібек жолы ауылында өз жалғасын тапты. Биылғы жылдың алғашқы күндері ауыл тұрғыны Нұржан Айдарбековтің үйі ойламаған жерден отқа оранған болатын. Қыс ортасында қиын жағдайда қалған Нұржанға ауыл халқы көмектесіп, бар болғаны екі айда соғып берген үйдің лентасы қиылды. Салтанатты шарада ауыл әкімі сөз алып, асарлатып салынған үйге сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
-Қазақта өрт болған жерде, дерт болмайды деген сөз бар. Демек, енді бұл үйде тек қуанышты сәттер көп болсын, – деді өз тілегін жеткізіп, батасын берген ауыл ақсақалы Бейсен Жүзгенбаев. Сондай-ақ, шара барысында мешіт имамы Айтбек Рысбаев, мектеп директоры Ғалымжан Нұрымбетовтар жаңа үйге құтты болсын айтып, өз сыйлықтарын табыстады.
Үйдің лентасын ауыл қариялары Орынбай Балтабаев пен Сапаралы Түктеев қиған бетте, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Келген қонақтармен бірге ауыл тұрғындары ішке еніп, үш бөлмелі шағын үйді аралап көрді. Бұдан әрі қонақтар жайылған дастарханнан дәм татып, оқылған құранға қол жайды.
Ақпараттық медиа орталығы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/966757?lang=kk

Жауап қалдыру