Маңғыстаудағы Геолог күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтау қаласында сәуір айының 2-ші жұлдызында еліміздегі атаулы мерекелердің бірі «Геологтар күніне» арналған Қазақстан мұнай-газ саласына еңбек сіңірген, Ленин сыйлығының иегері, әйгілі геолог Ш.Есенов университетінің профессоры Валентин Петрович Токаревтің туылғанына 100 жыл және Маңғыстау өлкесінің көптеген кен орындарын ашқан атақты геолог-барлаушы Әділ Нұрмановтың туылғанына 90 жыл толуына орай «Жер қойнауының құпиялары: Геология ғылымының жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы өтті.  

Шара Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының басшысы Б.М.Қуандықовтың,  Маңғыстау өңірлік инспекция басшысы А.С.Келбеттің және Комплексная Экспедиция «МНГР» мекемесінің ардагер геологтарының қатысуымен Құрық ауылындағы Геолог-барлаушылар бағына ағаш отырғызу, қысқаша митинг, жаңадан ашылған аудандық өлкетану мұражайына танысуымен басталды. Одан кейін, Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий Университетінде Ленин сыйлығының иегері В.П.Токарев атындағы оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі атап өтілді. Сонымен бірге, Әділ Нұрмановтың 90 жылдығына арнап шығарылған және геолог-барлаушы Ғиззат Балмұхамбетовтың өмірбаянына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті. Жиында Б.М.Қуандықов геологтарды құттықтай отыра, ардагерлер – Б.Бисенгалиевке «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін, Бақтылы Мақсотқызына «Еңбек ардагері» медальін және Л.Райкуловаға «ҚР Энергетика министрлігінің грамотасын»  табыстады.

Маңғыстау облысындағы екі жүзден аса кенорындардың ашылуына тікелей атсалысқан Маңғыстау геологтары – қазіргі біздің ардагерлеріміз.

Сіздердің ашқан кенорындарда бүгінгі жас ұрпақ қиындықсыз еңбек етуде. Мерейлі сәтте, Сіздерге ақ ниетпен мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілейміз. Еңбекте толағай табыстарға, мақсатта биік шыңдарға жете беріңіздер және абырой-беделдеріңіз бен табыс-тартуларыңыз арта берсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/geology-wkn/press/news/details/970006?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді