
Қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау мақсатында “Таза Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы облыс аумағында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың жетекшілігімен жүзеге асырылып келеді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев аймақтардың көркеюіне, көшелердің таза ұсталуына, жасыл желектің көбеюіне бағытталған бұл бастаманы барынша қолдап, ауданымызда кең көлемді сенбілік жұмыстары жүргізілуде.
Аталмыш эко акция басталғалы бері 55 ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған жергілікті тұрғындар мен қоғамдық жұмысшылар тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Аудан орталығы мен ауылдарды, көше бойларын және мемлекеттік мекемелер аумағын тазарту үшін 131 арнайы техника жұмылдырылып, 177 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Тазалық жұмыстары тек көшелерде ғана емес, қоғамдық орындарда да атқарылып, 49 аялдама ретке келтірілді.
Сонымен қатар, 11 569 кәсіпкерлік нысанның маңайы санитарлық бақылауға алынды.
Бұл жұмыстар халықтың қоршаған ортаға, экологияға деген жауапкершілігін арттырып, өз аймағы мен ауласын ластамауға, таза ұстауға ынталанды.
Экологиялық акцияны қарқындата түсу үшін “Таза көше” атты эстафета ұйымдастырылды. Бұл бастама арқылы әрбір көше тұрғындарының тазалыққа деген қызығушылығы артып, көрші көшелермен жарыс ұйымдастыруда.
Тұрғындар өз ауласындағы немесе көшедегі тазалыққа қатысты ұсыныстар мен шағымдарын білдіру үшін Телеграм-бот жүйесі іске қосылды. Осы уақытқа дейін бот арқылы 150 өтінім қабылданып, олардың барлығы уақытылы орындалды.
Ордабасы ауданында атқарылып жатқан бұл ауқымды сенбілік жұмыстары “Таза Қазақстан” бағдарламасының нақты нәтижесін көрсетуде.
Алдағы уақытта да тазалық талабы басты назарда болады.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/967618?lang=kk

Жауап қалдыру