
Маңғыстау ауданы дүбірлі тойға қазақ мифологиясы арқылы халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін «Суын айғыр» ауылын дайындап, мифолог ғалым Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейінің негізгі жәдігерлерін арнайы алып келді.
– Маңғыстаудың аңыздары мен мифтерін ғылыми негізде зерттеген, қазақ мифологиясының жаңа қырларын ашып, бұл өңірдің құпия сырларын әлемге танытқан ғалым – Серікбол Қондыбайдың зерттеулерінен тарихи-ғылыми деректерді алып келдік. Киіз үйде зерттеу кітаптары мен кейіпкерлерін таныстырып, көрсете аламыз. Көрмеге музейдің мифологиялық залдарының негізгі жәдігерлерін алып келдік, – дейді Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейінің директоры Римма Бердиева.
Көрме «Арғықазақ мифологиясы» кітабы желісінде жасақталған. Миф – ойдан шығарылған дүние емес, белгілі бір уақытта, тарихта, мәдениетте, қоғамда болған оқиғалар желісі. Яғни, ол өткен заман адамының шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты екенін терең таныстырады.
Көрмеге келген қонақтар «Ер Төстік» ертегісіндегі «Жылан Бапыхан» яғни жыландардың патшалығымен танысады. Бұл – түркiлердiң «Ергенеқон» аңызы бойынша жасалған экспозиция. «Ұмай ана», «От ана» жас аналар мен сәбилердің тәңір иесі деп түсініп, сыйынғанын және жарылқаушысы болғанын жеткізеді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/970980?lang=kk

Жауап қалдыру