
Ақтау қаласындағы ауқымды мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздар өңіріміздің өз мақам-сарынды дәстүрлі ән-жырларын әуелетіп, көпшілікті сүйсінтті.
Дәстүрлі маңғыстаулық жыршылар «Адайдың бес жүйрігінің» образын сомдап, туындыларын орындады.
Дәстүрлі жыршы Әзімхан Адайдың айтуынша, үлкен масштабты концерт өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
«Біз маңғыстаулық жыршылар «Адайдың бес жүйрігін» сомдап, жырларын орындаймыз. Мен Қашаған Күржіманұлының бейнесіндемін. Сондықтан, алдағы уақытта осындай іс-шаралардың болып тұрғаны рухани, мәдени жаңғыруымызға өз септігін тигізер еді. Мереке құтты болсын! Жан-жақтан түркітектес бауырларымыз келіп жатыр. Қадамдары құтты болсын дейміз», – деді Әзімхан Адай.
Мерекелік концерттің шымылдығын жергілікті театр әртістері батырлардың бейнесінде ашты.
-«Біздер қазір «Ақтау — Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерекелік шарасы аясында ұйымдастырылып жатқан концертке 20 батырдың кейпінде шыққалы тұрмыз. Шахарымызда болып жатқан осындай мәдени шара үшін қуаныштымыз. Керемет болып жатыр. Түркі халықтарының игі басқосуы жалғасын таба бергей деген тілек-ниетіміз бар», – деді облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының әртісі Еркебұлан Ибрагимұлы.
Дәстүрлі әнші Нұрым Асқановтың пікірінше мұндай рухани іс шара түркітілдес халықтардың достығы мен бауырластығының нығаюына пайдасы зор.
«Бүгінгі өтіп жатқан мерекелік іс-шараға қатысуға келіп қалдық. Бұл енді былтыр Түрікменстанның Анау қаласынан бізге берілген түркі халықтарының эстафетасы еді. Мен бүгін Қашаған Күржіманұлының «Тойбастар» әнін орындайтын боламын. Түркітілдес халықтардың мерейі үстем болсын, ынтымақтастығымыз берік болсын», – деді Нұрым Асқанов.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971866?lang=kk

Жауап қалдыру