
Бұл үшін бюджеттен 59,7 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиын барысында биыл өңірде салынатын және жөнделетін жолдарға қатысты жобалар жайы талқыланды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр барлығы 156 жоба іске асырылатынын атап өтті. 245,1 шақырым жергілікті маңызы бар жолдарды және 218 шақырым қалалық және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарлануда. Аталған жобалар сәтті жүзеге асса, өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 82%-ті құрайды.
«464 шақырым жолды жөндеу үшін 38,4 мың тонна – битум, 1,6 миллион тонна – қиыршық тас, 324 мың тонна – құм және 17,3 мың тонна – цемент қажет. Жалпы қуаты 29,5 мың тонна битум сақтайтын 9 кәсіпорында қазірдің өзінде 15,4 мың тонна битум дайындалды. 482,6 мың тонна қиыршық тас пен 92,2 мың тонна құмы бар 25 карьер тексерілді. Өңірде қуаттылығы сағатына 2,9 мың тоннаны құрайтын 28 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Сондықтан құрылыс материалдарының тапшылығына қатысты мәселе туындамауы тиіс», – деді Айбек Қайыр.
Басқарма басшысының айтуынша, 79 жобаның 63-інде мердігер ұйымдар анықталды. Тағы 16 жобаның құжаттары қабылдануда.
Қазіргі уақытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Алға, Байғанин, Мәртөк, Темір, Хромтау және Шалқар аудандарымен жол жұмыстарының сапасына тексеру жүргізу және жол активтерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу бойынша келісім бекітті.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кепілдік міндеттемелері бар тас жолдардың 69 учаскесіндезерттеу жүргізетінін айтып өткен жөн. Мониторинг нәтижелері бойынша ақаулар анықталған жағдайда, оларды жауапты мердігер ұйымның жоюы үшін акт жасалады.
Жиын барысында облыс орталығындағы жолдарды жөндеу жоспарлары туралы қала әкімінің орынбасары Жұлдыз Бисембин айтып берді. Шаһарда 711 көше мен 64 тұрғын алабы бар, оның 44-і Алматы ауданы, 20-сы – Астана ауданында орналасқан. Жол жобаларын іске асыру аясында биыл 211,7 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, оның 177 шақырымы тұрғын алаптардағы жолдарды қамтыса, 34,7 шақырымы – қалаға қарасты.
2024 жылдан бастап Ақтөбеде 14 жол жобасы іске асырылуда, оның ішінде 3 көпір, мектепке дейінгі мекемелерге апаратын 12 жол, 4 тұрғын алаптың кіреберіс жолы және тағы бірқатар жұмыс бар. Бұл жобалардың барлығы ауыспалы, жұмыстар 2025-2026 жылдары аяқталып, тапсырылмақ.
Сонымен қатар, аула аумақтарын абаттандыру аясында 100 ауланы асфальттауды аяқтау көзделіп отыр. Бұл мақсаттарға 33,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, биыл 2-кезең бойынша 25 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталуда. 1-ші, 3-ші және 4-ші кезеңдердің аулаларын абаттандырумен айналысатын мердігерлер анықталды, ауа-райы қолайлы болған кезде жұмыс басталады деп күтілуде.
Өңір басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі былтыр автомобиль жолдары саласындағы бірқатар проблеманы анықтағанын еске салды. Бұл мәселелерді шешу үшін іс-шаралар жоспары құрылып,жеке бақылауындағы жобаларды іске асыру негізінде арнайы Жол картасы бекітілді.
Асхат Шахаров жауапты органдарға жолдарды жөндеу және салу жоспарлары мен мерзімдердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
«Осы күннен бастап құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Мердігерлер битумды, инертті материалдарды, техниканы дайындауы қажет. Ешбіріңізде кестеден кешігу болмауы тиіс. Барлық техникалық негіздемелер мен құжаттама орындаушылардың қолында. Әсіресе өзге өңірлерден келіп, жұмыс істеп жатқан мердігерлік ұйымдарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Егер жұмыстарын баяулатып, нысан уақытылы дайын болмай, келіскен талаптар орындалмаса – олармен шарт бұзып, белгіленген тәртіппен лицензияларын тоқтату керек. Әкімдіктер ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, техникалық қадағалау қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бәрі бірігіп жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын бақылайды. Магистральдық жолдардың құрылысы мен жөнделуіне ерекше бақылау орнату қажет. Бұзушылықтар анықталған жағдайда дербес жауапкершілік орындаушыларға жүктелмек.
Былтырғы жылы жөнделген жолдардың сапасын тексеруді де естен шығармау керек. 2024 жылы басталған жобаларды мерзімінде аяқтау қажет. Негізсіз тексерулер болмайды деп сендіргім келеді. Біз – тиісті мерзімінде тапсырылған әрі халыққа ұзақ жыл қызмет ететін сапалы жолдардың нәтижесіне бағытталғанбыз», – деп қорытындылады өз сөзін өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/970351?lang=kk

Жауап қалдыру