
2025 жылдың 10 сәуірінде «Antikor ortalyǵy» алаңында Ақтөбе облысы Қоғамдық кеңесінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бірлескен отырысы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, қауымдастықтардың өкілдері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Тәттігүл Талаева қіріспе сөз сөйлеп, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуде ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Марат Хайруллин білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелерін айтты. Оның ақпараты бойынша, бүгінгі күні Департаменттің іс жүргізуінде пара алуға, бюджет қаражатын ұрлауға және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға байланысты лауазымды тұлғаларға қатысты бес қылмыстық іс бар. Бұл фактілер осы саладағы профилактикалық жұмыстың жеткіліксіз деңгейін көрсетеді.
«Білім беру жүйесі сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Алайда, тиісті бақылау мен ашықтықсыз – бұл функция жүзеге асырылмайды»,-деп М. Хайруллин атап өтті. Сондай-ақ, ол алдын алу жұмыстары Департаменттің тұрақты бақылауында екенін және оның қорытындылары облыс әкімі жанындағы комиссия отырыстарында қаралатынын айтты.
Сондай-ақ, білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева баяндама жасап, осы салада қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Талқылау барысында отырысқа қатысушылар пікір алмасып, сұрақтар қойып, білім берудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттырудың нақты жолдарын ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жалғастыру және әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ұсынымдарды бірлесіп пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-aktobe/press/news/details/974066?lang=kk

Жауап қалдыру