
Астана 2025 жылғы 14-ші жыл сайынғы AIM Congress инвестициялық форумына қатысты
2025 жылғы 7-9 сәуір аралығында Абу-Даби қаласында AIM Congress өтті – бұл Таяу Шығыстағы ең ірі инвестициялық форум, оған 180 елден 20 000-нан астам өкіл қатысты. Форумға мемлекет басшылары, министрлер, орталық банктердің басшылары, қала әкімдері, қаржы нарығының сарапшылары және экспоненттер қатысты.
AIM Congress-те Астананы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Темірлан Келдібаев және қалалық инвестицияларды дамыту орталығы «Astana Invest» басқарма төрағасының орынбасары Әуез Тынибеков таныстырды.
Форум жаһандық инвестицияларға арналды және пікірталас сессияларын, дөңгелек үстелдерді, көрмені, AIM Investment Awards марапаттау рәсімін, стартап-презентациялар байқауын және жасанды интеллект бойынша әлем чемпионатын қамтыды.
Іс-шара аясында тікелей шетелдік инвестициялар, жаһандық сауда, стартаптар, болашақ қалалар, болашақ қаржы, әлемдік өндіріс, цифрлық экономика және кәсіпкерлік мәселелері бойынша панельдік пікірталастар өтті. Қатысушылар ауыл шаруашылығы, энергетика, инфрақұрылым, қаржы, медициналық туризм, биотехнология, логистика және су технологиялары салаларын дамыту мәселелерін талқылады.
«Астана делегациясы халықаралық инвесторлармен іскерлік кездесулер мен келіссөздер жүргізіп, елордада жүзеге асырылуы жоспарланған әлеуметтік, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды», – деп атап өтті Темірлан Келдібаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/974675?lang=kk

Жауап қалдыру