
Атырау облысы Д.Қонаев атындағы «Бином» орта мектебінде «Заң және тәртіп» тақырыбына арналған «XXI ғасыр көшбасшысы» атты зияткерлік сайыс өтті.
Бес кезеңнен тұрған интеллектуалды сайысқа бес мектептің көшбасшы президенттері қатысты. Шараның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды білуге және оны күнделікті өмірде қолдануға ынталандыру.
Сайыс аясында қатысушылар Қазақстан және дүниежүзілік тарих, әдебиет, география, құқық салалары бойынша білімдерін сынап, өзара бақ сынасты. Сондай-ақ, құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі мен лудоманияның зияны, құқықтық салдарлар, суицид пен буллингтің алдын алу секілді өзекті мәселелер қамтылды.
Қорытынды бойынша үздіктер іріктеліп, келесі номинациялар бойынша марапатталды:
XXI ғасыр көшбасшысы – Бекбол Зерделім, №38 мектеп оқушысы;
Үздік ойыншы – Амантай Мақсат, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы;
Көрермен көзайымы – Шапхат Айнара, Жангелдин мектебінің оқушысы.
Сонымен қатар қатысушылардың белсенділігі ескеріліп, №3 мектеп оқушысы Санжар Сабыржанұлы мен №42 мектептен келген Баймырза Раминаға алғыс хаттар табысталды.
30-ға жуық оқушыны қамтыған іс-шара облыстық Ішкі саясат басқармасы, «Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы» және Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/973093?lang=kk

Жауап қалдыру