
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2025 жылдың 1 тоқсанында жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру бойынша жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Картада көрсетілген проблемалық мәселелерді шешу, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру мақсатында Департамент құрылыс мерзімі ұзаққа созылған объектілерге талдау жүргізді, оның шеңберінде картельдік сөз байласу, үлестес мердігерлердің қатысуы, орындаушыларда техникалық ресурстар мен лицензиялардың болмауы, жобалау-сметалық құжаттаманы бұрмалау, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу шараларын қолданбау, сондай-ақ жосықсыз мердігерлерді тану туралы сот шешімдерін елемеу секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Жұмыс нәтижелері бойынша мердігерлерден 69 миллион теңгеден астам тұрақсыздық айыбы өндірілді, жосықсыз компаниялар арнайы тізілімге енгізілді, бұзушылықтарға жол берген шенеуніктерді жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды.
Сондай-ақ Департаменттің бақылауымен Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында әлеуметтік нысан — мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Бұл жұмысқа жемқорлыққа қарсы еріктілер, қоғам қайраткерлері және қоғамдық кеңес мүшелері тартылды.
Бұдан басқа, Департамент өңірдің туристік саласына талдау жүргізіп талдау нәтижесінде 9 жемқорлық тәуекелі анықталды.
Талдау көрсеткендей, кейбір туроператорлар лицензия алу үшін жалған еңбек шарттарын жасаған. Осы фактілер бойынша салықтық және қылмыстық тергеулер басталды.
Талдау қорытындысы бойынша 19 ұсыныс енгізілді.
Мәселен, Департамент «Ақжайық» туристік аймағына кірме жол салу туралы мәселені көтерді – қазір бақылау өткізу пунктіне дейінгі соңғы 2 шақырымды дала жолымен жүруге тура келеді. Құрылыс туралы ұсыныс әкімдікке жолданды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы жүйелі алдын алу құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл құралды іске асыру билік органдарының қызметінің заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-atyrau/press/news/details/972461?lang=kk

Жауап қалдыру