
Вена, 2025 жылғы 4 сәуір – Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Орталық Азия елдерінің Елшілері Аустрия Республикасы Парламентінің Ұлттық кеңесі Президенті Вальтер Розенкранцпен кездесу өткізді.
Диалог барысында Вальтер Розенкранц Орталық Азияның жаһандық саясаттағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, Еуропалық одақтың аймаққа деген қызығушылығының күшейгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Аустрия Орталық Азия мемлекеттерімен әріптестікті кеңейтуге ерекше мән береді және түрлі салаларда сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылады. Әсіресе парламенттер арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Розенкранц Аустрия мен аймақ елдері депутаттарының байланысын нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Қазақстанның Елшісі Мұхтар Тілеуберді бұл кездесудің Орталық Азия – ЕО саммиті аясында Самарқандта өтіп жатқанын атап өтті. ҚР Елшісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар, Қазақстан мен Аустрия арасындағы ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ парламентшілердің ТМД ПА және ЕҚЫҰ ПА аясындағы өзара іс-қимылы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Орталық Азияның басқа елдерінің елшілері өз мемлекеттеріндегі қазіргі өзгерістер, Аустриямен ынтымақтастықтың дамуы туралы айтып, парламенттік диалогты жандандыруға қызығушылық танытты. Аймақта болып жатқан реформалар туралы аустриялық депутаттардың хабардарлығын арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетудің ықтимал форматтарын, соның ішінде делегациялармен алмасу және халықаралық форумдардағы бірлескен бастамаларды талқылады. Дипломатиялық миссиялар басшылары Аустрия Парламентінің Президентін Орталық Азияға ресми сапармен келуге шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/970358?lang=kk

Жауап қалдыру