
Гаага, 2025 жылғы 7 сәуір – Нидерланд Корольдігіне кіретін автономды ел – Кюрасаоның Әділет, Үкімет істері, Жоспарлау және Мемлекеттік қызмет министрі Шалтон Хато бастаған делегация цифрландыру, ақпараттық технологиялар және электрондық үкімет салаларындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасының Гаага қаласындағы Елшілігіне келді. Кездесу Елші Қайрат Әбдірахмановтың осы Кариб аралына жасаған жұмыс сапарының жалғасы ретінде өтті. Аталған сапар барысында бұл өзекті мәселелер алғаш рет талқыланған болатын.
Қазақстандық тараптан мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау бағытындағы жетістіктер ұсынылып, отандық электрондық үкімет жүйесі таныстырылды. Қазақстан БҰҰ Электрондық қызметтер индексі бойынша әлемде 10-орынды иеленіп, биометриялық сәйкестендіру мен жасанды интеллекттен бастап мемлекеттік қызметтерді проактивті ұсынуға дейінгі цифрлық шешімдердің жоғары деңгейін көрсетуде.
«Цифрлық теңдік» қағидатын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қ.Әбдірахманов елдің үлкен аумағы мен халық тығыздығының төмендігіне қарамастан, Қазақстан шалғай аймақтарда да мемлекеттік сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қазақстандық қоғамның тұрақты дамуының негізгі құралы ретінде қолдануға баса мән беріп отыр.
Кездесу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілікті көрсетті. Сонымен қатар, сұхбат барысында екі елдің әділет органдары арасындағы байланыстардың дамуына оң серпін берілгені атап өтіліп, бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге негіз бола алатыны көрсетілді.
Тараптар мемлекеттік қызметтерді жаңғырту тәсілдерінде ұқсас ұстанымдар барын атап, білім беру мен кадрлар даярлау салаларын қоса алғанда, одан әрі тығыз ынтымақтастық орнатуға әлеует бар екенін жеткізді. Қазақстан мен Кюрасаоның жауапты мекемелері арасында тікелей байланыс орнатып, тәжірибе алмасу келісілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/971377?lang=kk

Жауап қалдыру