
Лакителек қ., 2025 ж. 10-11 сәуір – ҚР Мажарстандағы Елшілігі Лакителек Халықтық университетімен (ЛХУ) бірлесе отырып, Лакителектегі Кампусында «Қазақ-мажар лагерін» ұйымдастырды.
Танымдық-имидждік шараға Мажарстанның белді университеттерінде оқитын қазақ жастары мен ЛХУ, Нейман Янош және Дебрецен университеттерінің студенттері қатысуға мүмкіндік алды.
Екі күндік лагердің ашылу салтанатына ЛХУ және Нейман Янош университеттері Басқарушы қорының төрағасы, Мажарстан Мемлекеттік жиналысы спикерінің орынбасары Лежак Шандор, Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркі мемлекеттері ұйымы Будапешттегі офисінің қызметкері Қанат Ыдырыс, Құрылтай шараларының ұйымдастырушысы «Мажар-Тұран Қоры» төрағасының орынбасары Золтан Варга, «Мажар-қазақ мәдени ұйымының» төрайымы Жанаргүл Фэнвеши және т.б. «Қазақстан достары» тобының мүшелері қатысып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Ш.Лежак өзінің мерекелік сөзінде, тамырын тарихтың тұңғыйығынан алатын мажар-қазақ байланыстарына жоғары мән беретінін білдіріп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрдайым қолдайтынын жеткізді. ЛХУ шеңберінде екі елді жақындастыра түсетін түрлі ғылыми, мәдени және спорттық шараларды бірлесе өткізуге дайындығын білдірді.
Елші А.Сапарбекұлы өз кезегінде, мажар тарапына Лакителекте елімізді әр қырынан танытуға мүмкіндік туғызатын осындай насихаттық шаралар өткізу мүмкіндігіне алғысын білдірді. Бас дипломат қазақ-мажар рухани байланыстарының тереңдігіне тоқталып, екі елдің ортақ құндылықтарына назар аударды. Осы ретте, ол жастарға хәкім Абай айтқандай «толық, кемел адам» болу жолында іздемпаздыққа, ар-намысты жоғары ұстауға, білім-ғылымға құмар болуға шақырды.
Шара қонақтарына ТМҰ қызметі, «Құрылтайдың» қызметі, Нейман Янош университеті ұсынатын мүмкіндіктер туралы презентациялар жасалып, Н.Садығұловтың «Балуан Шолақ» атты көркем фильмі көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/974977?lang=kk

Жауап қалдыру