
Қозыбаев университетінде Евней Бөкетовке арналған дәрісхана ашылды
Қозыбаев университетінде көрнекті ғалым Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Евней Бөкетов – химия және металлургия саласындағы белгілі ғалым, жазушы, ақын, қоғам қайраткері, ҚазКСР ҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1969). Қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ол селен мен теллурдың химиясы мен технологиясын, молибден мен ренийді алу тәсілдерін жетілдіру, марганец кендерін кешенді өңдеу мүмкіндіктерін зерттеді.
Қозыбаев университетінде академик Евней Бөкетов атындағы дәрісхана ашылды.
«Енді дәріске келген сайын біздің студенттер Евней Арыстанұлының өмірі және шығармашылығы жөнінде ақпарат ала алады. Айтып өткен жөн, Е.Бөкетов тамаша ғалым ғана емес, сонымен қатар қазақстандық білім мен ғылым тарихында терең із қалдырған дана тәлімгер, тұлға. Біз аудиторияның білімге ұмтылатын, ғылыми жаңалықтарды ашатын орталыққа айналғанын қалаймыз!» – деп атап өтті Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев.
Сондай-ақ Қозыбаев университетінің қабырғасында Е.А.Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Жастар және ғылым-2025: заманауи сын-қатерлер және оларды шешудің ғылыми тәсілдері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол ғылыми идеялармен алмасу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жас ғалымдарды қолдау үшін маңызды алаңға айналды.
Конференцияға Қазақстан мен таяу шет елдерден 200-ден астам ғылыми жұмыстар келіп түсті. АҚШ, Италия, Түркиядан келген көрнекті ғалымдар мен қонақтар, іс-шараның халықаралық ауқымын көрсетті. Жиынға оқу орнының стратегиялық серіктесі – Аризона университетінің профессорлары Род Винг, Дженнифер Винг, Тони Спаркс, Владлена Харченко да қатысты.
Шараға филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Бөкетова мен туыстары келді. Олар Евней Арыстанұлының өмірі, ғылыми жолы туралы құнды естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ өз отбасыларының атынан Е.А.Бөкетовке арналған ғылыми жобасы үшін ЖОО студенті Аяжан Ілиясқа бірреттік стипендия табысталды.
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында адал еңбегі, білім мен технологияларды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар оқытушылар, жас ғалымдар, студенттер, бірлескен ғылыми қызмет бойынша зерттеушілер марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/973761?lang=kk

Жауап қалдыру