Қырғызстандық әйелдердің 40 метрлік кимешегі жұрттың ерекше назарына түсті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тілі мен мәдениеті ұқсас алты елдің басы қосылған шарада қырғызстандық қолөнерші Гүлсана Атамқұлова 40 метрлік матадан жасалған элечегімен (кимешек) жұртшылықтың назарына түсті.

Гүлсана Атамқұлова элечек қырғыз елінің тарихи жәдігері екенін айтады. Оның сөзінше, халықтың қоныстанған өңіріне тән киім кию үлгісі болады. Осыған сәйкес, қырғыз ұлтында элечектің 20 түрі бар екен. Қолөнерші өз өлкесінің, яғни қытай руының 40 метрдей дәкеден жасалған элечегін киіп келген екен.

– Менің басымдағы – элечек (қазақтарда кимешек деп аталады). Бұл – Талас облысында мекен ететін қытай руына тиесілі элечектің бір түрі. Әр ру, әр өңір әртүрлі элечек киеді. Бәрі бір-біріне ұқсағанымен айырмашылықтары бар. XVII, XVIII, XIX ғасырлардағы осы элечекті киген апалардың суреті де бар. Сол суреттер мұның тарихи киім екенінің дәлелі. Бұл дәке матасынан оралып жасалады. Ол үшін 40 метрге жуық мата қолдандым. Мұны орауға жарты сағаттан бір сағатқа дейін уақыт кетеді. Өз елім мен өлкемнің мәдениетін басыма көтеріп жүру мен үшін ауыр емес, – дейді Гүлсана Атамқұлова.

Ежелгі қырғыздар элечектің матасын басқа мақсаттарда да қолданған деседі. Адам қайтыс болған жағдайда оны кебін ретінде пайдалуға болады. Ал көшпелі кезеңде жаңа туған нәрестелерді элечектің матасын жыртып алып ораған. Сондай-ақ жарақатты таңу үшін де қолданылған. Қырғыз әйелдері элечегінің 40 метрге дейін жетуінің себебі осы.

– Әр мемлекет өз-өзімен болып жатқан уақытта осындай іс-шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға разылығымды білдіремін. Ең бастысы, дүние жүзінде тыныштық болсын. Бұл мәдени шара маған жақсы әсер қалдырып жатыр. Ең бірінші кезекте елдердің достығы. Елдер дос болса дүние жүзі тыныш болады, – дейді қырғызстандық қолөнерші.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971583?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді