
Лёсден (Нидерланд), 2025 жылғы 9 сәуір – 9 сәуір күні таңғы сағаттарда Лёсден қаласында 1942 жылы нацистер тарапынан атылған 77 кеңестік әскери тұтқынға арналған жыл сайынғы ресми іс-шара өтті. Сол қайғылы оқиғалардың куәгерлерінің айтуынша, 77 атылған адамның көпшілігі Орталық Азия республикаларынан, соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстаннан болған. Олардың рухына тағзым ету үшін муниципалитет мэрлері, дипломатиялық корпус өкілдері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшілігі, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, өлкетанушы ғалымдар, студенттер, мектеп оқушылары мен көршілес қалалардың өзге де тұрғындары жиналды.
Салтанатты шара таң шапағында, «Кудрист» обелискісі жанында (сарбаздар жерленген орман алқабының атауы бойынша) ұйымдастырушылар – «Кеңестік Даңқ Өрісі» қорының (Stichting Sovjet Ereveld) жетекшілері Рогир Рейкерс пен Ремко Рейдингтің құттықтау сөздерімен басталды, олардың бірі Қазақстанға сапары мен Лёсденде әкелерінің жерленген орнын табуға көмектескен отбасылармен кездесулері туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Үлкен аза шырағы қайғылы оқиға орын алған жерде – бұрынғы «Амерсфорт» концлагерінің маңында жағылып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Нидерланд аумағында қаза тапқан кеңестік жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру жолында қордың атқарып келе жатқан жүйелі әрі асыл мұратты жұмысының маңызды жалғасына айналды. Аттас «Кеңестік Даңқ Өрісінде» барлығы 865 кеңес солдаты мен офицері жерленген, олардың есімдері ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген. Айта кетерлігі, осы жерде наурыз айында аталған жауынгерлердің тағдырына арналған жаңа Sovjet Ereveld Experience музейінің ашылуы өтті. Ізкесушілер мен мұрағатшылардың жан-жақты және ұқыпты жұмысының нәтижесінде бірнеше қазақстандық жауынгердің есімдері анықталып, шараға олардың туыстары арнайы шақырылды. Отбасылардың бірінің өкіліне символикалық лентаны салтанатты түрде қию құрметі бұйырды.
Музей заманауи технологияларды, оның ішінде виртуалды шындық элементтерін пайдалана отырып жасалған және келушілерге тарихтың көлеңкесінде қалған адамдардың жеке тағдырларына үңілу арқылы қаза тапқандардың ерлігін терең сезінуге мүмкіндік береді. Бұл жоба мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық пен ынталы жанашырлардың жеке бастамасы нацизммен соғыс құрбандарына деген естелікті Жеңістің 80 жылдығы атап өтілетін мерейтойлы жылы қайтаруға қабілетті екенінің жарқын мысалына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/973181?lang=kk

Жауап қалдыру