
Гаага, 2025 жылғы 5 сәуір – Орталық Азия халықтарының ең көне әрі маңызды мейрамдарының бірі болып саналатын Наурыз мерекесі Гаагада айрықша жылылықпен және кең көлемде аталып өтті. Нидерландтағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен жергілікті қазақ қауымдастығының белсенділері ұйымдастырған бұл шара шынайы жарқын мәдени оқиғаға айналды. Ол Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Финляндия, Швейцария және Швеция елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының 200-ден астам өкілін, сондай-ақ Ұлы Дала көне халқының мәдениеті мен дәстүріне ерекше қызығушылық танытқан қала тұрғындары мен қонақтарын жинады.
Мерекелік бағдарламасы мазмұндылығы мен этникалық колоритпен айрықша ерекшеленді. Киіз үй элементтері, дәстүрлі ою-өрнектер мен ұлттық киімдер қолданылған декорациялар мен фотозоналар қазақтың төл мерекесіне тән шынайы атмосфераны қалыптастырды. Қонақтардың ерекше назарын көшпелі мәдениеттің аспаздық нышандары – наурыз-көже, қазы, қымыз және бауырсақ, сондай-ақ кең таралған қазақ ұлттық билерін үйретуге арналған сабақтар аударды. Бұл мереке халықтар арасындағы ғана емес, ұрпақтар арасындағы да мәдени көпірге айналды. Балалар үшін асық ату мен тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі салттарының ең әсерлі сәттерінің бірі – сәбидің алғаш қадам басуына арналған тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Қазақстаннан арнайы келген танымал актер Сағаділдә Үсіпәлі мен белгілі музыкант әрі журналист Толқын Сұлтанова бұл кешті шабытпен әрі креативпен жүргізіп, оны шынайы эмоциялар мен жылы жүздесуге толтырды. Іс-шараның құрметті қонағы Нидерландтағы Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдрахманов болды, ол ағайындық ахуалда Еуропа елдерінен келген этникалық қазақтардың өкілдерімен пікірлесіп, олардың өмірі, жетістіктері мен шетелдегі отандастарды толғандыратын мәселелерге, соның ішінде балаларға арналған қазақ тілі курстарын ұйымдастыру сияқты өзекті тақырыпқа үлкен қызығушылық танытты. Шетелде кәсіби қызметінде үлкен табысқа жеткен және жинақтаған тәжірибесін туған Қазақстанға жеткізуді жоспарлап жүрген қазақ қауымдарының қариялары жас ұрпаққа өз өсиет сөздерін айтты.
Жалпы, Наурыз мейрамының Нидерландыда аталып өтуі — қазақ халқы тарихи Отанынан жырақта жүрсе де, өз болмысын сақтап, ұлттық тамырмен байланысын берік ұстап, ата-баба дәстүрін қастерлеп келе жатқанын және бұл бай мұраны келер ұрпаққа табыстауға ұмтылатынын айқын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/970987?lang=kk

Жауап қалдыру