
Бүгін Ақтауда күллі түркі дүниесін таң қалдырар мерекелік мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Теңіз жағасында бой көтерген арнайы ауылдарда ұлттық салт санамызды дәріптеген сан алуан игі істер жарыса паш етілуде.
Соның бірі – «Суын айғыр» ауылында жастар әннен шашу шашып, күмбірлете күй шертіп, ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрді насихаттап, көрініс қойды. Көріністе жас ұлан атқа қонып, ер азамат болуының алғашқы қадамын бастау рәсімі көрсетілді. Бұл қазақтың «Ашамай» дәстүрі деп аталады. Ашамайға мінгізу – баланың өміріндегі ең маңызды сәті. Ашамайға мінген балаға «ел қорғайтын азамат бол» деп тілек айтылады.
Ауылға кірген қонақтарға әжесі шашу шашып, атасы «Алпамыс балам, бері кел» деп шақырып, нағашыларының бәсіреге берген тор құлыны өсіп тай болғанын, өзінің ер жетіп, жауапкершілік арқалайтын ер азамат болғанын айтты. Тойда үлкендер немерелеріне ақ тілектерін жаудырып, сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ бұл ауылға келген ағайын киіз үйдің жанындағы ши үстіне тулақ төсеп, күзде қырқылған қойдың жүнін сабаған аналарымызды көреді. Олар киіз басу өнерінің алдымен жүн сабаудан басталатынын, сондай-ақ жүн таңдаудың да өзіндік әдістері бар екенін айтты.
-Киіз күзде қырқылған қойдың күзем жүнінен жасалады. Бүгінгі шарада киіз басудың жолдарын көрсетіп отырмыз. Аналарымыз шидың үстіне сабалған жүнді қойып, ыстық су бүркіп, арқанмен тартып, білектеп, киізді қатайтып, көрерменнің көз алдында дайындап жатыр. Бұл кейінгі жастардың жадында сақталсын деген ниетпен жасалып отыр. Қазақ халқының қолдан жасаған киізі мен текеметі адам денсаулығына пайдасы мол, суық пен сызды өткізуден қорғайтынын әр ұрпақ біле жүруі керек, -дейді Жыңғылды мәдениет үйінің режиссері Ләйла Сәдуова.
Қазақ мәдениетіндегі киіз басу өнерінің тарихы тереңде жатыр. Архелогтардың зерттеулеріне сүйенсек, бұл технология адамзат өркениетінде бірнеше мың жыл бұрын қолданылған. Киізді алғаш болып түркі халықтары оның ішінде ғұндар мен сақтар пайдаланғаны туралы деректер бар. Біздің дәуірімізге дейінгі V-VI- ғасырларда Алтай, орталық Азия және Қазақстан аумағынан түркі халқы пайдаланған киіз сарқыншақтары табылған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971568?lang=kk

Жауап қалдыру