
Алматы облыстық мәслихатының «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, құрылыс және архитектура, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша» тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, тұрақты комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Қонаев қаласының әкімі қатысты.
Отырыс барысында облыс үшін өзекті болып табылатын бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Алматы облысының құрылыс басқармасының 2025 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, тұрғын үй салу мәселелері мен оны шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, облыс аумағында коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру мен абаттандыру бағытындағы жұмыстарға назар аударылды. Газдандыру, ауыз су жүйесін жетілдіру, көшелерді электр жарығымен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қонаев қаласындағы кәріз жүйесін дамыту мәселелері де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Бұл жобалар аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысы таныстырылды.
Жиында сондай-ақ Алматы облысындағы 2024-2025 жылғы жылыту маусымының аяқталуы және келесі кезеңге дайындық мәселелері қарастырылды. Қатысушылар өңір халқын жылумен, сумен және өзге де инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру үшін нақты ұсыныстар мен жоспарларды ортаға салды.
Отырыс қорытындысында бірқатар тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша нақты бағыттар белгіленді. Тұрақты комиссия мүшелері әрбір мәселені жіті бақылауда ұстап, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-maslihat/press/news/details/977276?lang=kk

Жауап қалдыру