
Аудан әкімінің төрағалығымен өткізілген кезекті аппараттық кеңесте күн тәртібіне үш мәселе шығарылып, оның әрбіріне қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Өрт тұрғысынан қауіпті кезеңге дайындық барысы жөнінде баяндаған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Болат Амиралиев 17 ауылдық округтерде жеке құрамы 119 адамнан тұратын 17 ерікті өртке қарсы құралымдар құрылғанын атап өтіп, департамент тарапынан өрт қауіпті маусымға дайындық тексерілгенін жеткізді. Нәтижесінде, ауылдық округтерде еріктілердің саны аз және арнайы өрт сөндіру киімдері жоқтығы анықталған. Ал, Түймекент және Суханбаев ауылдық округтерінде құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдары мүлдем сапқа тұрғызылмаған. Аудан аумағында орналасқан 1532 өрт гидрантының 367-сі жұмысқа жарамсыз екені анықталған. Аудан басшысы құрылымдары сапқа тұрмаған тиісті ауылдық округ әкімдерінен нақты себебін анықтап, Төтенше жағдайлар бөлімі мен «Байзақ су» мекемесі бірлесе жұмысқа жарамсыз, ең қауіпті өрт гидранттарын зерделеуді тапсырды. Мамыр айында өтетін мерекелік іс-шаралар жөнінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина баяндап берді. Онда Қазақстан халқының бірлігі күні, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, 7 мамыр-Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында өтетін шаралар кеңінен қамтылып, жұмысшы мамандықтар жылына да басымдық берілген. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерге жүргізілген зерделеудің қорытындысы баяндалды. Ауданда жалпы саны 19 ескерткіш болса, оның ішінде 11 ескерткіштің жағдайы жақсы. Қалған 8 ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айының соңына дейін аяқталатын болады. Кеңесте сондай-ақ Бурыл және Суханбаев ауылдық округтерінің әкімдері өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Есепті баяндамада көрсетілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу аппарат басшысына тапсырылды.
Ақпараттық медиа орталығы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/977107?lang=kk

Жауап қалдыру