Ақмола облысы егіс науқанына дайын

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының шаруалары егіс науқанына белсенді дайындалуда. Бүгін Көкшетау қаласындағы кеңеске өңірдің 600-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, ғылыми институттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және аграрлық саланы дамытуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов фермерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Ол ауыл шаруашылығындағы тиімділік пен өнімділікті арттыру үшін барлық қолжетімді құралдарды пайдалануға шақырды.

«Былтыр басталған егіс науқанын жеңілдетілген қаржыландыру биыл да жалғасуда. Өткен жылдың ауа райы мен жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл да осы қарқынды сақтау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, жеңілдетілген несиелеуге өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қараша айынан басталды. Несиелендіру көлемі 700 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл — жеңілдетілген несиелеу көлемі бойынша жаңа рекордтық көрсеткіш. Былтыр бұл мақсатқа 580 млрд теңге бөлінген еді», — деді Азат Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол биыл техниканы жеңілдетілген лизинг желісі бойынша қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын, ал форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 30 млрд теңге қаржыландыру жоспарланғанын хабарлады. Тыңайтқыштарды енгізу, тұқым сапасын қамтамасыз ету және егіс алқаптарын әртараптандыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға шамамен 200 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 63,3 млрд теңге — субсидияға, шамамен 140 млрд теңге — жеңілдетілген несиелеу мен форвардтық сатып алуға бағытталмақ.

«Кең Дала» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 96,5 млрд теңге сомасына 606 өтінім қабылданды. Өнімділікті арттыру мақсатында 336 мың тонна минералды тыңайтқыш топыраққа енгізіледі. Былтырғы жылмен салыстырғанда тыңайтқыш қолдану көлемі 78 мың гектарға ұлғаяды. Тұқыммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілді.

Егіс науқанына 37 мыңға жуық техника тартылатын болады.

Кеңес қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егіс жұмыстарына 100% дайын болуын қамтамасыз ету, АШТӨ-не арзандатылған дизель отынын уақтылы жеткізу және сорттарды жаңарту көрсеткішін арттыру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/978596?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді