
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың ерлігі мен бірлігі және қайсарлығының символы болып табылатын тарихи оқиға. Осы орайда, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясында, «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенін ұйымдастырды. Айта кетейік, керуен құрамында білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, қоғам белсенділері, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері бар. Автокеруен мүшелері Жетібай ауылының қарт тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамыралиевті Жеңістің 80 жылдығы және мерейлі 100 жасқа толуымен құттықтады. Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабеков Ұлы Отан соғысына қатысушылардың еңбегіне құрмет деңгейін арттыру, патриотизм мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтары төңірегінде қоғамды біріктіру басты мақсат екеніне тоқталды. Соғыс ардагеріне құрмет көрсету үшін алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері әскери саптық шеруге шықты. Сонымен қатар, әнші Алмахан Исабаевтың орындауында “Атамекен” әні шырқалды. Жиын қатысушылары Жетібай ауылындағы Ұлы Отан соғысында қаза болған және елге оралған ардагерлерге арналған мемориалдық ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысты. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұхаметілда Байшораев сөз алып, әлеуметтік автокеруен – қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған ардагерлердің өшпес ерлігін дәріптейтінін атап өтті. Соғыс майдангерлеріне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шара ауылдық мәдениет үйінде қоғамдық қабылдауға ұласты. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева қатысты.
Ақпараттық медиа орталығы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/977091?lang=kk

Жауап қалдыру