
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 15-16 сәуір аралығында Панфилов ауданы Жаркент қаласында өнерсүйер қауымға арналған гастрольдік іссапарын өткізеді. Театр ұжымы көрермендерге бірнеше көркем спектакльдерді ұсынады. Атап айтсақ, Д.Исабековтың «Жалқаудың жыры» ертегісі, Қ.Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиялық драмасы, «Көке» қойылымдары сахналанады.
Сәбит Әбдіхалықовтың «Көке» қойылымның режиссері – Рамазан Үсен, қоюшы-суретші – Қарлығаш Шалабаева.
Бүгінгі заманның көрініс-келбетін арқау еткен қойылым әкім-қараның, мемлекеттік қызметшілердің өмірі туралы сыр шертеді. Аталмыш қойылым бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін ашып көрсетеді.
«Жалқаудың жыры» ертегісі қазіргі балалар қоғамында, әр отбасында болатын оқиғаны Жігер атты кейіпкердің күнделікті өмірі арқылы суреттейді. Ертегінің жас бүлдіршіндерді, достыққа адал болу, өз дегеніне жету, еңбекқорлық пен әдептілік секілді ізгі адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында тәрбиелік мәні үлкен.
Ақпараттық технологиялар дамыған заманда бала санасы мен ой өрісіне пайдасымен қатар кері әсерін тигізетін смартфондарды сөйлетіп, ойыншықтарды тірілтеді. Қойылым кішкентай көрермендерді жалқаулық пен еріншектіктің арты жақсылыққа апармайтынын ерекше тартымды әрі шытырман оқиғамен өзіне баурап алады. Ал Жігерді жалқаулықтан кімдер және қалай құтқаратынын бірге тамашалайық…
Қ.Мұраттың «Мұғалім» драмасының ауқымы кең. Әрі бүгінгі заманмен үндес. Қазіргі күні «педагог-бала-ата-ана» арасындағы байланыс қоғам үшін үлкен мәселеге айналды. Заман ағымына ілескен жастар, шарасыз мұғалім, жауапсыз ата-ана арасында өрбитін оқиға легінде бүгінгі күннің шындығы, «әттеген-ай» дейтін осал тұстары байқалады. Қойылым педагог мәртебесін көтеруге, ұлттық сананы байытуға рухани үлес қосады.
Гастрольдік сапардың басты мақсаты – мәдени байланыстарды нығайтып, театр өнері арқылы өңір тұрғындарымен жақын танысу, сондай-ақ, Талдықорған қаласының мәдениетін басқа өңірлерде кеңінен таныту.
Қала тұрғындарын және қонақтарын театрдың қойылымдарын тамашалауға шақырамыз!
Қосымша ақпарат пен билеттерге тапсырып беру үшін 8 (777) 394 88 15 номерімен байланысуға немесе Ticketon.kz сайтынан алуға болады!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/976763?lang=kk

Жауап қалдыру