
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған жұмысшы топ мүшелері Жуалы ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді.
Жұмысшы топ мүшелері аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы үлкен азық-түлік супермаркеттері – «Корзина», «МЕР», «Аружан» сауда орындарын аралады.
Сауда объектілерін аралау барысында жұмысшы топтың тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына сауда үстемесін негізсіз көтермеу, сауда үстемесін 15 %-дан асырған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша шаралар қолданылатындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кететін жайт, аудан аумағында 19 әлеуметтік азық-түлік тауарының 11-түрі өндіріледі, қалған 8 түрі шет облыстардан келеді. Олардың 11 түрі (бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% пастерленген айран, майлылығы 5,9% сүзбе, сарымай, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп) аудан аумағында өндіріледі. Ал, 8 түрі (күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, ақ қант, ас тұзы, пияз) өзге өңірлерден жеткізілуде.
Құрметті аудан тұрғындары және тұтынушылар!
Егер, Сіз сауда жасау барысында сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбат екендігін байқасаңыз, Жамбыл облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне «Е-Өтініш» порталы арқылы өтінішті (міндетті түрде фото, тауар чегі болуы қажет, Каспий QR чегі жарамды) жолдай аласыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/978218?lang=kk

Жауап қалдыру