Көкбай ауылының мәдениет үйінде аудандық «Көкбай оқулары» байқауы өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкбай ауылының мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Абайдың ақындық мектебінен нәр алған жыр дүлділі – Көкбай Жанатайұлына арналған аудандық «Көкбай оқулары» байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – ақын шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныту, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштау, тума таланттарды анықтау.

Байқауға аудан мектептерінен 22 оқушы қатысып, үш түрлі бағыт бойынша өз өнерлерін ортаға салды:
1. «Көл-көсір өлеңдеткен Көкбай ақын» – ақын өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу;
2. «Жыр эстафетасы» – ақынның поэмаларын жатқа айту;
3. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» – оқушылардың авторлық шығармаларын оқу.

Шараның шырайын кіргізген айтулы қонақ – ақынның Омбы қаласында тұратын немересі, Амангелді Ахметқалиұлы болды.

80 жасқа таяған қария жыл сайын байқауға арнайы келіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтау жолында зор еңбек сіңіріп келеді. Биыл да оқушыларға естелік сыйлықтар таратып, ақын мұрасын ұлықтау ісіне айрықша үлес қосты.

Сондай-ақ, байқауды ұйымдастыруға жыл сайын қолдау көрсетіп келе жатқан Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық музей-қорығының қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.

Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар Көкбай Жанатайұлының немересі және Абай ауданының білім бөлімі тарапынан мақтау қағаздары мен алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттық рухты дәріптеп, жас ұрпақты рухани байлықпен сусындатқан бұл байқаудың берері мол екені сөзсіз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-audany/press/news/details/977563?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді