
Қабыл, 2025 жылғы 14 сәуір – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқұмов Ауғанстанға сапары барысында осы елдің өнеркәсіп және сауда министрінің м.а. Нуриддин Азизимен кездесті. Іс-шараға ҚР Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов та қатысты.
Н.Азизи ҚСЗИ делегациясын жылы қабылдап, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жоғары бағалады. Ол Қазақстан Президенті мен Үкіметіне екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған қолдауы мен ықыласы үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстанның аймақтағы маңызды рөлін атап өтіп, Ауғанстанның ҚР-мен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Н.Азизи Қазақстанның Ауғанстанға қиын кезеңдерде көрсеткен көмегін еске алып, бұл қолдаудың, соның ішінде халықаралық алаңдардағы өзара әрекеттесу арқылы жалғасатынына үміт білдірді.
Е.Тұқұмов өз сөзінде ҚСЗИ өкілдерінің Қабылға бұл сапары Ауғанстанға жасалған алғашқы іссапар екенін атап өтті. Ол ауған тарапына Институттың қызметі мен міндеттері туралы ақпарат беріп, сапардың негізгі мақсаттарының бірі Ауғанстан туралы деректі фильм дайындау үшін материал жинау екенін хабарлады.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты да талқылады.
Келіссөздер қорытындысында қатысушылар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы достық қарым-қатынастарды жоғары бағалап, олардың әрі қарай дамуына айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, елдер арасындағы қарқынды және динамикалық өзара әрекеттестіктің жалғасатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kabul/press/news/details/976387?lang=kk

Жауап қалдыру