
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұжымымен өткен кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Е.Бақтыхожаев қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында Е.Бақтыхожаев квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру, сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту қажеттігін ерекше атап өтті. Осы орайда ол инвестициялық жобаларды іске асыру, жер телімдерін бөлу, бюджет қаражатын игеру және микроқаржы ұйымдары арқылы бөлінетін қаражаттар кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне баса назар аударды. Аталған бағыттар бойынша нақты ұсыныстар беріліп, оларды іске асыру жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар, Е.Бақтыхожаев 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі міндеттері мен басым бағыттарына тоқталып өтті. Оның ішінде комплаенс қызметінің құрылымы мен атқаратын рөліне ерекше мән беріліп, бұл қызметті кәсіби әрі білікті мамандармен қамтамасыз ету – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды тетік екені атап өтті.
Кездесу соңында ашық диалог форматында пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-zhambyl/press/news/details/977376?lang=kk

Жауап қалдыру