Жамбыл облысында Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдейтін ең ірі зауыттың құрылысы басталды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында «Shengtai Biotech Co., Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу бойынша аса маңызды, ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асыру басталды.

​Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
​
Жобаның бастамашысы – биоөнімдерді өндіретін халықаралық Fufeng Group компаниясы.

​Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мыңнан 1 млн тонна жүгері өндіруге жетіп, кейіннен 3 млн тоннаға дейін өседі. Инвестиция көлемі шамамен 420 млрд теңгені құрайды.

​Жоба құрылыс кезеңінде 6000 жұмыс орнын ашуға, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді (бастапқы кезеңде 400 жұмыс орны ашылады).

​Компания биыл 2026 жылдың өнімін өңдеу үшін 300 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарттар жасасып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалауды көздейді.

​Жүгеріні терең өңдеу қосымша құны жоғары өнімдер – аминқышқылдары (лейцин, валин, изолейцин, глутамин, цитрулин), крахмал, глюкоза алуға мүмкіндік береді. Қалдықсыз өндіріс жолға қойылады: дәнді дақылдардың қалдықтарын мал азығы ретінде пайдалану жоспарлануда.

​Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

​– Ел Президенті өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесін қойды. Басым бағыттардың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу.

​Бүгінгі жоба – бұл міндеттің іс жүзінде жүзеге асуының жарқын көрінісі. Зауыт егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады.
​
Бұл бірегей жоба Қазақстанның барлық оңтүстік өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс әкеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
​
«Fufeng Group Limited» басқарма төрағасы Ли Сюэчунь ұзақ мерзімді инвестициялық ынтымақтастық туралы айта келе, Жамбыл облысының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.

Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 82 жоба бар.

​2025 жылдың 3 айында 120,5 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.

​Биыл жалпы құны 175,2 млрд теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/977712?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді