
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығына сай, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен кездесуі Қасқасу ауылдық округінде жалғасын тапты.

Кездесуде аудан басшысы Қасқасу ауылдық округінде 2024 жылы атқарылған жұмыстарды таныстырып, 2025 жылы жүзеге асатын жобаларды баяндады.

2024 жылы 4 әлеуметтік нысанға 73 млн.теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда: Керегетас елді мекеніндегі Майдатал көшесінің 2,3 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Электр желісі тартылып, трансформатор орнатылды. Керегетас елді мекені Қ.Өмірзақұлы, Майдатал, Жоғарғы Қасқасу елді мекені Сарыбұлақ көшелеріне электр желісі жүргізіліп, трансформатор орнатылды. Кеңесарық елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді.

2025 жылы 4 жобаға 42 млн.теңге қарастырылды.

Атап айтқанда: Қасқасу ауылдық мәдениет үйіне газ құбыры, Кеңесарық елді мекеніне ауыз су құбырының құрылысына жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалды.
Жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі «Ұзын» және «Аралық» каналдарына аудандық бюджет есебінен шлюз қоюға қаржы қарастырылды. Ауданның туристік кластерін дамыту мақсатында, Қасқасу округінің аумағындағы «Сайрам су» өзені бойына рекреациялық аймақ құру жоспарлануда.

Есептік кездесу барысында ауыл тұрғындары Кеңесарық елді мекеніндегі ФАП-қа дәрігер маманды жұмысқа қабылдау, емдеу мекемесіне интернет желісін тарту, 1.9 шақырым аяқ жол салу, электр желісін жүргізіп, бағаналар орнатуды сұранды. Жастар көшесіне түнгі жарық шамдарын қойып, ағын су жеткізуге қатысты шағымдарын айтты.

Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өтіп, аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы айтылған мәселелердің барлығы орынды екенін айтып, жергілікті халықтың кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық саласына ден қоюы жөнінде түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, тұрғындарды елді мекенді көркейту, абаттандыруға үлес қосуға шақырды.

“Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз!Мен осы ретте кәсіпкерлерді, патриот жастар мен еріктілерді, бірлігі жарасқан кәсіпорындар мен ұйымдарды осы игі іске белсенді атсалысуға шақырамын”,-деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.

Округке инвестиция тарту арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз ету — атқарушы биліктің міндеті. Әкімнің міндеті — халықпен кездесу, мұңын тыңдау. Өзінің құзыреті аясында сол мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Ал, әкімдердің нәтижелі еңбек етуі халықтың қолдауына байланысты. Сондықтан, елді мекенде қолға алынған жобаларды бірлесе отырып атқарып, жұмысты жандандыру керектігін жеткізді.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар назарға алынып, заң аясында шешу жолдары талқыланып, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жауап қалдыру