Олардың әрқайсысының өз қызметі, өз кестесі, өз міндеті бар. Бірақ екеуін мәңгіге біріктірген ортақ құндылық – қызмет пен уақыт сынынан өткен махаббат. Арман Русланұлы мен Әсемгүл Ақбулатова – өмір ырғағын қызмет айқындайтын ортада да шынайы сезімге орын бар екенін дәлелдейтін жарқын жұп.
Арман – Қонаев қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінде жедел уәкіл, ал Әсемгүл – ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы. Екеуі де –полиция аға лейтенанты, өткір ойлы, табанды, жүрегі мейірімге толы офицерлер.
Олардың хикаясы 2021 жылы басталған. Қызмет барысындағы ортақ тапсырмалар, қолдау мен бір-біріне деген құрмет кәсіби әріптестікті ғана емес, болашақ отбасының іргетасын қалаған. 2023 жылы Арман мен Әсемгүл шаңырақ көтеріп, бүгінде сүйікті ұлдарын тәрбиелеп отыр. Олар әр күннен бақыт таба білетін жанұя.
Қызмет кестесінің тығыздығына қарамастан, бос уақыттарын белсенді өткізуге тырысады: тауға саяхаттап, тарихи орындарды аралағанды ұнатады. Өмірлерін тек қызметпен емес, жарқын әсерлермен байытады.
– Сенім мен қолдау болса, бәрі өз орнына келеді. Біз қуанышты да, ауыр күннің шаршауын да бірге бөлісуді білеміз, – дейді Арман мен Әсемгүл.
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні – нағыз махаббатты ұлықтайтын мейрам. Арман мен Әсемгүл сынды жұптар шынайы сезімге погон да, қызмет те кедергі емес екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Себебі шынайы махаббат – мәңгілік.
Жауап қалдыру