Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысының мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті. Жиын барысында өңірдегі руханият пен мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, сала мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Келелі кездесуде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев модераторлық етті.
Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда мәдениет саласына ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Ол соңғы жылдары мәдениет пен идеология бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтып, дегенмен әлі де шешімін күткен маңызды мәселелер бар екенін жеткізді. Жиында алғашқы сөз кезегі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ардагер актері Сейілхан Асқарбек Ақылшаұлына берілді.
Асқарбек Ақылшаұлы өз сөзінде театр мәселелеріне тоқталып, Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі театрлардың жағдайына ерекше назар аударып, олардың болашағына алаңдаушылық білдіргенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, биыл облыстық театрдың 90 жылдық мерейтойы және Асқар Тоқпановтың 110 жылдығы қарсаңында бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, шешімін таппай жүрген мәселелерді ортаға салды. Ол алдағы жоспарланған жобаларға қолдау көрсетілуін сұрады.
Өз кезегінде Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Тараз қаласының тарихы тереңінен сыр шертетін көне шаһар екенін атап өтті. Бұл мекен — тек бір дәуірдің емес, бірнеше дәуір тоғысқан, ел тарихының алтын бесігіне айналған ерекше қала екенін айтты. Сондай-ақ, Жамбыл облысының көптеген аймақтарға үлгі болып отырғанын да назардан тыс қалдырмады. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидаты Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда ұсынған негізгі тұжырымдамасына толық сай келеді, – деді Президент кеңесшісі. Сонымен қатар, ол кездесуде айтылған мәселелердің барлығы ескеріліп, өз уақытында шешімін табатынын жеткізді.
Жауап қалдыру