
Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліс күн тәртібінде 4 мәселе қаралып, талқыланды.

Аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша іс-шара жоспары туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бекзат Абдукаримов баяндама жасады. Аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың тіркелуін және мүлік салығының төленуін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Жалпыға бірдей декларация тапсыру қажеттілігін түсіндірді.

Төлеби ауданында 254 демалыс аймағы бар, оның 27-сі еш жерде тіркелмеген. Кейбір демалыс аймақтары мүлігін нарық бағасынан төмен бағалап, салықты аз төлеуге дағдыланған. Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру үшін кірісті ұлғайту қажеттігін айтып, кәсіпкерлік нысандарды салық төлеуші ретінде тіркеу жұмысын жандандыруды тапсырды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рабиға Бейсебаева аудан халқын жұмыспен қамту саласындағы бекітілген индикаторлардың орындалуын баяндап, мемлекеттік әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламасы, жұмыссыздық деңгейі, аз қамтылған азаматтардың санын төмендету, ерекше қажеттігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды сәйкестендіру бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

«Мансап орталығы» МКМ директоры Әлімхан Жамалбеков Төлеби ауданында еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 2025 жылдың 3 айында орындалуын хабарлады. Биылғы жылы 6820 адамды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан 4 рет жұмысқа орналастыруға арналған жәрмеңке өтті. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 107 азаматқа беріледі. “10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын ашу” тапсырмасының орындалуы жылдық жоспар 1250 адам. Аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы әр айтылған мәліметті саралап, әр тоқсанда жоспарланған көрсеткіштердің орындалу қажеттігін ескертті.

Мәдениет және спорт саласындағы атқарылған жұмыстары және 2025 жылдың ІІ-тоқсанындағы жоспары туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбек баяндама жасады. Ауданда 225 спорт ғимараты бар, жыл көлемінде 110 іс-шара жоспарланған. Жыл соңына дейін спортпен айналысатын азаматардың санын халықтың 45 пайызына жеткізу, спорттық инфрақұрылыммен қамту, дене шынықтыру мен спортпен айналысатын жасөспірімдер санын арттыру жұмысын баяндады. Алғабас, Зертас елді мекендерінде спорт кешенін пайдалануға беру жұмысын жоспарлауды ұсынды. Тасарық, Кемеқалған елді мекеніндегі спорт ғимараттарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды ұсынды.

Хаттардың, «E-Otinish» АЖ және жеке қабылдауда көтерілген мәселелердің орындалуы туралы аудан әкімі аппараты әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Алмас Дүйсенбеков баяндады.

Жиын соңында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы күн тәртібіндегі көтерілген мәселелерге қатысты қала, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттілігін атап өтті.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жауап қалдыру