АУДАН ӘКІМІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сала орынбасарларымен бірге аудандағы мақта кластерін құру жобасын іске асырып жатқан «Түркістан мақта-агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің егін алқабында болып, жобалардың іске асу барысымен танысты.

Аудан басшысы шетелдік инвесторлармен кездесіп жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек шарттары және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелерін талқылады.

Жалпы Отырар ауданында шет ел инвесторларымен іске асырылып жатқан жоба аясында 1400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 171 азамат зауыт құрылысы мен мақта егуге дайындық жұмыстарын атқаруда.

Бұдан өзге аудандық «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтардың өтініштері қабылдануда. Бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық азаматтан жұмысқа орналасу үшін өтініштер келіп түскен.

Кездесу барысында еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің еңбек уақытын сақтау, қосымша уақытқа үстеме ақы төлеу мәселелері айтылып, қажеттілігіне қарай жұмысқа бейімдеу, жатын орындары мен тамақпен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты айтылып, пысықталды. Сондай-ақ мақта егу кезеңінде атқарылатын жұмыстардың барысы баяндалып, жұмыс технологиясын жергілікті азаматтарға үйрете отырып еңбекке бейімдеу мәселелері түсіндірілді.

Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала басшыларына мақта егу кезеңіне дейін азаматтарды жұмысқа тартуды, қажет болған жағдайда арнаулы оқу орындарында оқыту курстарын ұйымдастырып, қажетті кадрларды даярлауды, осы бағытта тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырып, жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуын бақылауда ұстауды міндеттеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/974303?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді