Қарғалы (бұрынғы атауы – Фабричный кенті) – Жамбыл ауданындағы 40 мыңға жуық халық тұратын ең ірі, көп қоныстанған елді мекендерінің бірі. Ауылдағы полиция бөлімшесінің тарихы тереңде жатыр – 1910 жылы, жүн фабрикасы ашылғаннан кейін, алғашқы полиция пункті құрылған болатын. Сол уақыттан бері ондаған адал қызметкер жұмыс істеді, олардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар да бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ, алайда олардың есімі мен ерлігі ел жадында сақталып келеді.
Қарғалы полиция бөлімшесі 2018 жылы салынған, аумағы 200 шаршы метрден асатын кең ғимаратта орналасқан. Бөлімшені 2021 жылдан бері подполковник Русим Милязимов басқарып келеді. Жігерлі, сыпайы әрі қарым-қатынасқа ашық офицердің ішкі істер саласында 23 жылға жуық еңбек етуде. Ол – Қарасай ауданы, Жамбыл ауылының тумасы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың заң факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын уақытша ұстау изоляторында конвойшы болып бастап, кейін жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығының міндетін атқарушы қызметтерінде істеген. Бүгінде ол – ҚР ІІМ-нің «Үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері, бөлімшені байсалды да сенімді түрде басқарып отыр.
– Қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға азайды. Бұл – қуантарлық жайт. Біздің міндетіміз – қылмыстарды ашумен қатар, тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізу. Өткен жылы пәтер тонаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топты ұстадық. Олар тіпті ауыл әкімдігінде ұрлық жасап үлгерген. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылды. Осы жылдың ақпан айында біз оқ-дәрілері бар тіркелмеген қару-жарақтың толық арсеналын таптық. Әрине, қарулар тәркіленіп, ал тәртіп бұзушылар жазаға тартылды, – дейді Русим Милязимов.
Полиция қызметкерлері ауылдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, елді мекеннің тазалығына бақылау жасайды, Қарғалы өзенінде балық уылдырық шашу кезінде тәртіптің сақталуын қадағалап, жастармен жұмыс істеп, нашақорлықтың, құмар ойындардың, діни экстремизмнің алдын алу шараларын жүргізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/973109?lang=kk

Жауап қалдыру