«Уылдырық» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Балқаш ауданының полиция қызметкерлері су биоресурстарын заңсыз аулаудың екі фактісін анықтады.
Бірінші жағдай Топар-Бақанас автожолының 12-шақырымында орын алды. Полиция қызметкерлері SUBARU маркалы автокөлігін тексеру үшін тоқтатты. Оны Топар ауылының 57 жастағы тұрғыны басқарған. Тексеру барысында тәртіп сақшылары жүксалғыштан жалпы салмағы 77 килограмм болатын әртүрлі балық түрлері салынған екі қапты анықтады. Алдын ала есептеулер бойынша, келтірілген шығын 580 мың теңгені құрады. Балық электр тоғының көмегімен заңсыз ауланғаны белгілі болды, бұл әдіс су экожүйесіне елеулі зиян келтіреді.
Екінші оқиға Бақанас ауылының шетінде анықталды. УАЗ маркалы машинаны тінту барысында полиция қызметкерлері жалпы салмағы 36 килограмм болатын заңсыз ауланған балық салынған бір қапты тапты. Көлік ішінде 33 жастағы жүргізуші мен оның жолаушысы болған. Олардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген шығын 280 мың теңгеге бағаланды. Тексеру кезінде браконьерлердің Қытайда өндірілетін, тыйым салынған ау құралдарын пайдаланғаны анықталды.
– Аталған екі факті бойынша балық ресурстарын заңсыз аулау бабымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, құқықбұзушылықтардың барлық мән-жайы анықталуда, – деп хабарлады полицияда.
Құқық қорғау органдары заңсыз балық аулау әсіресе уылдырық шашу кезеңінде, су биологиялық ресурстары қорғауды қажет ететін уақытта аса қауіпті екенін еске салады. Полиция азаматтарды экологиялық заңнаманы қатаң сақтауға және браконьерліктен бас тартуға шақырып, мұндай заңбұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/970104?lang=kk

Жауап қалдыру