Ақтауда медицина қызметкерлері жүгіру марафонына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай әлемнің түрлі елдерінде «Walk the Talk» спорттық акциясы өтті. Акция Маңғыстау облысында да жалғасып, ерлер мен әйелдер арасында жүгіруден марафон өтті. Марафонға өңірдегі медицина қызметкерлері мен студенттері, жалпы 200-ге жуық адам белсенді түрде қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, басқарманың орынбасарлары Бибізада Дүйсенбаева, Жайсаңгүл Досполова және «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Қайратжан Бейсенов қатысып, сәттілік тіледі.

«Бүгінгі іс-шара ерекше маңызға ие, өйткені салауатты өмір салтын, дене белсенділігін насихаттауға және халықтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Медицина қызметкерлерінің жаппай марафонға қатысуы көпке үлгі болатыны анық. Денсаулық – ең бірінші байлық. Сондықтан қала тұрғындарын денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, аурудың алдын алу үшін зиянды әрекеттерден бастартуға, дұрыс тамақтануға, спортпен тұрақты айналысуға шақырамыз», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.

Марафонға №1, №2 Ақтау қалалық емханасы, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы, «Нейрон», «Ясин», «Mediker Каспий», «Sofimed», «ReaMed» және тағы басқа медициналық ұйымы атсалысты.

Нәтижесінде ерлер арасында 1-орынды медициналық колледждің студенті Батыржан Жақыпов қанжығаға байлады. Жүлделі 2-орынға медициналық колледждің студенті Қуаныш Сарсен ие болды. Ал 3-орынды медициналық колледждің студенті Нұрлан Алимбет алды.

Қыздар арасында өткен спорттық додада 1-орынды «Еркемед» клиникасынан Гүлайна Кереева алды. 2-орынға «Ясин» клиникасынан келген Айнұр Талғатқызы ие болды. Жүлделі 3-орынды медициналық колледждің студенті Сабина Сарсенқожаева қанжығаға байлады.

Жүлделі орынға ие болған қатысушыларға арнайы кубок пен алғыс хат табысталды. Сонымен қатар Санат Аликулов, Қуаныш Мұсақанов, Света Сайытбай, Анар Исметова ынталандыру сыйлығына ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-udr/press/news/details/971721?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді