Көрісу күні мерекесіне арналды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көрісу күні мерекесіне арналды

Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде 14 наурыз – Көрісу күні мерекесіне арналған «Наурыз хикаясы» театрландырылған шоу-концерті өтті.

Еліміздің батыс өңірінде тойланатын көктемнің ғажайып мерекесі Көрісу күніне арналған мерекелік бағдарламада аудан халқын аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтады.

– Баршаңызды Көрісу күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жер аяғы кеңіп, өткенді, өкпе-ренішті артқа тастап, жаңа жыл басында бар қазақтың арқа-жарқа боп, бір-бірімен көрісетін күні.

Барша жұрт ағайын-көршіні аралап, көрісіп, бір-бірін бір жасымен құттықтап, ынтымақ пен берекенің көрініс табатын керемет кезеңі. Осы күні адамдар бір-біріне кеңдік пен мәрттіктің, қайырымдылық пен бауырмалдықтың, татулық пен құрметтің айқын үлгісін танытады.

Жаңа жыл жақсылығымен келіп, ауданымыз өсіп-өніп, көркейе берсін! Ел бірлігі бекем болып, ынтымағымыз таси берсін, – деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы барша қаратөбеліктердің отбасына амандық, бірлік пен татулық тіледі.

Мерекелік бағдарлама аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының дайындаған «Наурыз хикаясы» театрландырылған шоу-концертіне ұласты.

Көрермен көңілінен шыққан концертте қазақтың көне салт-дәстүрлері бесікке салу, селт еткізер, ұйқы ашар дәріптеліп, қайны мен жеңгенің арасындағы қағытпа қалжыңға да орын табылды. Театрландырылған концертте көктемнің шуақты мерекесінде ауылдың баласы Қуаныш радиобайқауға қатысып жеңімпаз атанған інісі Нұршаттың арқасында бұрын соңды көрмеген, радиодан тек даусын естіген Арманай атты сүйіктісін табады.

Шоу-концертте Сақтаған Мемлекетов «Асыл жеңешем», Нұрғиса Орынғалиев «Қызым», Сәнжан Байтеміров «Жақсы екен…», Мира Байтемірова «Наурыз-көктем!», Нұргүл Нұрбекқызы «Наурыз», Таңат Жексембаев «Ағайындар», Кенжегүл Мәлдуова «Ауыл жатыр той жасап» әндерін шырқаса күйшілер «Адай» күйін күмбірлете тартып берді.

Одан әрі мерекелік бағдарламада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин Көрісу айт мерекесінің шығу тарихын әңгімелеп беріп, қонақ кәде ретінде «Ақкербез» әнін шырқап берді. Балалар саз мектебінің шәкірттері мен Аягүл Бисенғалиева «Кербез қыз» күйін орындаса, Нұржан Салауат «Той базар», Әлия Жұбашева «Оралдың ерке самалы», Гүлайым Қайырғалиева «Ақерке», Гүлсезім Жардем «Наурыз-Амал» әндерін орындап көрермен көзайымына айналды.

Қойылымнан соң ұлттық нақышта безендірілген ақшаңқан киіз үйде ауыл қарияларына дастархан жайылып, құрмет көрсетіліп, ізгі тілек пен ақ бата төгілді.

Ал «Қаратөбе» спорт клубының мамандары орталық алаңда қазақтың ұлттық ойындары асық ату, бес асық, садақ ату, бұқа тартыс сынды ойындар өткізсе, аудан жастары «Наурыз қоржын» таратты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/968926?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді